Сабақты зерттеуді қашықтан оқу жағдайында ұйымдастыру » №14 орта мектеп-гимназия. Талдықорған
"Жетісу облысы білім басқармасының
Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі мемлекеттік мекемесінің
"№14 орта мектеп-гимназия"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(7274) 53-56-22
Есепші бөлімі:
++7(7274) 53-56-22
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » Сабақты зерттеуді қашықтан оқу жағдайында ұйымдастыру
02
февраль
2021

Сабақты зерттеуді қашықтан оқу жағдайында ұйымдастыру


  4-қадам. Оқушылардың қалай оқып жатқандығын бақылау.
Сабақты зерттеудің ең маңызды қадамы осы екендігі мәлім, өйткені мұғалімдер бақылауда оқушылардың қалай оқып-үйренетіндігін анықтап, олардың оқуындағы жетістіктерді қалай дамытатындықтары, ал кемшіліктерді қалайша түзету керектігі туралы ой түзейді, сайып келгенде осы арқылы оқушылардың оқуы мен үйренуін және өз сабақ беру тәжірибесін жақсартады.
Қашықтан оқу жағдайында оқушыларды қалай бақылауға болады?
Бәрі бар жағдайда. Аталмыш вебинарда Пит Дадли қашықтан оқу жағдайында сабақты зерттеуде оқушылардың оқу әрекеттерін міндетті түрде көзбе-көз бақылау қажет деген ой айтты. Бұл үшін сабақты ZOOM-да өткізіп, оқушыларды жеке залдарға (бөлмелерге) бөлгенде, оларды бақылау арқылы мұғалімдер шәкірттерінің түсінік деңгейлерін анықтап, оларда оқуда қандай қиындықтар туындағанын байқайды.
Бұл жағдайда әдеттегідей алдын-ала шешіп алғандай, әр мұғалім қай оқушыны немесе топты бақылайтындығын, зерттеу проблемасын шешу құралдарының оқушылардың қандай әрекеттеріне қалай ықпал жасайтындығын бақылайды. Осы жұмыста мұғалімдер бақылау кестелерін қолданып, фотоға (не монитордың скриншоттары) түсіріп отырады: бұлардың бәрі де сабақ талдауда қандай да бір шешім шығару үшін негіз болады, дәлел болады.
Ештеңе жоқ жағдайда. ZOOM жоқ, яғни оқушылардың оқып-үйренуін бақылау мүмкіндігі жоқ делік. Енді не істеу керек? Бұл мәселенің де шешу жолдарын қарастырған дұрыс.
Мысалы, «Балаларымызға қалай көмек көрсете аламын?» деген ниеттегі 4-5 ата-анаға «Балаңызды менің сабағыма дайындалып жатқан кезде, оның жұмысын ұялы телефонға 5-10 минуттай түсіріп, маған WhatsApp-пен жіберіңіз!» деген тапсырма беруге болады. Ата-аналар (әрине, олардың ішіндегі санасы ең жоғарылары) өздері түсірген видеоларға комментарий де қосып жіберуі ықтимал. Онда ата-аналар «Менің балам былайша жұмыс жасады. Оның көңіл-күйі мынандай болды. Тапсырманың оған ұнағанын/ұнамағанын байқалды, өйткені...» деген сыңайда өздерінің байқағандарын келтіруі ықтимал. Әрине, ата-аналардың мұндай пікірлерінің оқушылардың қалай үйренгендерінің бір дәлелі болуы әбден ықтимал. Мүмкін, тіпті қашықтан оқу жағдайында сабақтан кейін оқушыдан интервью алған секілді, ата-налармен де сұхбаттасу қажет болар? Мүмкін бұл әрекетті уақытша (қашықтан оқу аяқталғанша) сабақты зерттеудің құрамдас бөлігіне айналдыру керек шығар?
Осы видеолар оқушылардың әрекеттерін сабақта тікелей бақылауды алмастырады. Енді оларды Lesson Study тобының мұғалімдеріне жіберіп, оқушылардың сабаққа қалай дайындалғаны туралы қорытынды жасауларын сұрау керек.
Бұған қоса бақылаушы мұғалімдерге оқушылардың сабақта орындаған жұмыс үлгілерін жіберуге болады: олар да оқушылардың сабақта қалай жұмыс жасағандарының дәлелі болмақ. Мысалы, бақылаушы мұғалім оқушылардың жұмыстарын талдап, мынандай мәселелерге назар аударуына болады:
1. Қанша оқушы сабақтағы және үй тапсырмаларын орындаған? Бұл барлық оқушылардың қандай үлесін құрайды (%-бен)?
2. Оқушылардың тапсырмаларды орындамау себебі қандай болуы ықтимал? Бұл себептердің, әрине, көп болуы ықтимал. Біз мұнда олардың бір шетін ғана келтірейік (ал шынтуайтқа келсек, мұғалімдердің бұл себептерді өз сабақтарына туралап, нақты түрде келтіретіндігі анық):
- тапсырмалар оқушылар үшін қызықты болмаған,
- тапсырмалардың шарттары мен дескрипторлары түсініксіз берілген,
- оқушылар тапсырмалардың шарттары мен дескрипторларын түсінбеген,
- мұғалімнің сабақ материалын дұрыс түсіндірмеуі,
- мұғалімнің жағымды кері байланыс беру арқылы барлық оқушыны ынталандыра алмауы,
- мұғалім әр оқушы үшін мақсат қоймаған,
- оқушылар бір-біріне көмектеспейді,
- үйде сабаққа дайындалу мүмкіндігі жоқ,
- ата-аналары талап қоймайды, көмектеспейді, қадағаламайды, т.б.
3. Қанша оқушы барлық тапсырмаларды табысты түрде орындаған? Олар барлық оқушылардың қандай үлесін құрайды (%-бен)?
4. Оқушылар қандай тапсырмаларды табысты түрде орындаған? Олар барлық тапсырмалардың қандай үлесін құрайды (%-бен)?
5. Тапсырмаларды табысты түрде орындау себептері қандай болуы ықтимал? Бұл себептерді де жоғарыдай, бірақ керісінше, келтірсе болады:
- тапсырмалар оқушылар үшін қызықты болған,
- тапсырмалардың шарттары мен дескрипторлары түсінікті берілген,
- оқушылар тапсырмалардың шарттары мен дескрипторларын түсінген,
- мұғалімнің сабақ материалын дұрыс түсіндірген,
- мұғалімнің жағымды кері байланыс беру арқылы барлық оқушыны ынталандыра алған,
- мұғалім әр оқушы үшін мақсат қойған,
- оқушылар бір-біріне көмектеседі,
- үйде сабаққа дайындалу мүмкіндігі бар,
- ата-аналары талап қояды, көмектеседі, қадағалайды, т.б.
6. Оқушылар қандай тапсырмаларды сәтсіз орындаған? Олардың себептері қандай? (Бұл себептерді де жоғарыдай келтірсе болады).
7. Оқушылар тапсырмаларды орындағанда, қандай қателер жіберген? Мұнда да мұғалімдер көп себептерін анықтайды деп ойлаймын. Мен тек бір бөлігін ғана келтірейін:
- тапсырмалардың шарттары мен дескрипторларын түсінбеген,
- теориялық материалдарды дұрыс меңгермеген,
- дескриптордың қадамдарын қадағаламаған,
- басқа оқушылардан көмек сұрамаған,
- өзін-өзі тексермеген, т.б.
8. Оқушылардың жіберген қателерін түзеп, олардың оқуын жақсарту үшін бүгіннен бастап не жасау керек? Сабақ жоспарына қандай өзгерістер енгізу керек? Мысалы:
- сабақ мақсаты мен күтілетін нәтижелерді (бағалау критерийлерін) нақты қою,
- тапсырмаларды оқушылар үшін қызықты қылып құрастыру,
- тапсырмалардың шарттары мен дескрипторларын түсінікті етіп құрастыру,
- оқушыларды жұптарға біріктіріп, бір-біріне көмектесуін ұйымдастыру,
- оқушылардың бір-бірінің жұмыстарын тексеруін ұйымдастыру,
- жағымды кері байланысты барлық оқушыларға ұсыну,
- ата-аналарды тапсырмаларды орындауға ынталандыру, т.б.
Сонымен, тек ұялы телефон бар жағдайда оқушылардың қалай оқитындығы туралы тұжырымдарды 1) ата-аналардың түсірген видеолары мен комментарийлеріне және 2) оқушылардың жұмыс үлгілеріне талдау жасау арқылы жүзеге асыруға болатын шығар.


                                                                                                                Асхат Алимов